14 шіл, 2021 сағат 08:12

Қазақстанда бір тәулікте COVID жұқтырғандардың рекордтық көрсеткіші тіркелді


13 шілдеде Қазақстанда 4375 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұған дейін бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. Өткен аптадан бері коронавирустың рекордтық көрсеткіші қатарынан бірнеше күн үздіксіз жаңарып келеді.

Елде індет өршіп тұр. Кейбір қалаларда науқастар сыймағандықтан қонақүй, түрлі кешендер коронавирус жұқтырғандарды қабылдайтын стационарға айналып жатыр. Билік органдары індеттің өршуін коронавирустың "дельта вариантымен" байланыстырады. Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда алғаш рет маусымның соңында тіркелген. Жаңа вариант алғашқы вариантқа қарағанда едәуір жұқпалы.

13 шілдеде Нұр-Сұлтанда 1128 адамнан коронавирус табылған. Індет басталғалы бері астанада алғаш рет бір күнде анықталған науқастар мыңнан асып кетіп отыр. Алматыда – 640, Қарағанды облысында – 589, Атырау облысында – 320, Шымкентте – 342, Батыс Қазақстан облысында – 187, Ақмола облысында – 148, Маңғыстау облысында – 180, Павлодар облысында - 143, Ақтөбе облысында 137 науқас тіркелді. Қалған облыстарда ондаған науқас анықталған.

Кейінгі күндері адам өлімінің ең жоғары көрсеткіші де тіркеліп жатыр. 12 шілдеде 59 адам коронавирустан қайтыс болған: 53 адам – коронавирустан, 6 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады. 

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2020 жылдың наурыз айынан бері 466 792 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 4769-ы қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2300-ден астам адамның өлімі кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, олар "өзге аурудан қайтыс болған". Бірақ ДДСҰ нұсқаулығында оқыс жағдайдан өзгенің бәрін коронавирус өлімі статистикасына қосу қажет деп жазылған.

Үкімет былтыр тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. 12 шілдеге дейін 58 086 адам пневмонияның осы түріне шалдыққан. 3504-і қайтыс болған. Екі күн бұрын 167 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. Билік бұл деректі коронавирустың негізгі статистикасына қоспай отыр.

Қазір "қызыл аймақта" үш ірі қала мен 9 облыс тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Павлодар, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары. Алгоритмге сәйкес, "қызыл аймақтарда" карантин күшейеді. "Сары аймақта" Алматы облысы, Жамбыл мен Қызылорда облыстары қалған. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары "жасыл аймақта".

14 шілдедегі мәлімет бойынша 45 282 адам коронавирус инфекциясынан (43 795 КВИ+ және 1 487 КВИ-) емделіп жатыр, олардың ішінде:

14 698 пациент стационарда,

30 584 науқас амбулаториялық деңгейде ем алып жатыр.

КВИ+, КВИ- шалдыққандар арасында:

880 адамның жағдайы ауыр,

198 пациенттің жағдайы өте ауыр,

116 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Содан бері 4 млн 601 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 2 млн 541 мың адам вакцинаның екі дозасын алған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде індет басталғалы бері 187 млн 739 мың адам коронавирусқа шалдыққан. 4 млн 47 мыңы қайтыс болған.


Коронавирус жұқтырғандардың аймақтар бойынша біркүндік көрсеткіші:


Нұр-Сұлтан қаласында - 1128,

Алматы қаласында - 640,

Шымкент қаласында - 342,

Ақмола облысында - 148,

Ақтөбе облысында - 137,

Алматы облысында - 134,

Атырау облысында - 320,

Шығыс Қазақстан облысында - 52,

Жамбыл облысында - 58,

Батыс Қазақстан облысында - 187,

Қарағанды облысында - 589,

Қостанай облысында - 98,

Қызылорда облысында - 70,

Маңғыстау облысында - 180,

Павлодар облысында - 143,

Солтүстік Қазақстан облысында - 73,

Түркістан облысында - 76.