05 қаң, 2021 сағат 13:46

Қазақстанда бес жылда орман қорына 2 млрд түп ағаш егіледі

Орман – қазақстандықтардың байлығы. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттер қатарына жатады. Орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі 30 млн гектарды құрайды. Яғни республикамыздың 11%-ын ғана алып жатыр. 13 млн гектар жерде орман өсуде. Ормандылық көрсеткіш 4,8% құрайды. 2030 жылға қарай елдегі орман алқабы көлемін 5%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда», - деді министр. 

Министрдің айтуынша 5 жыл ішінде орман алқаптарында 2 миллиард және елді мекендерде 15 млн ағаш егіледі. Бұл бағытта министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп өңірлер бойынша ағаш отырғызу көлемдерін анықтаған. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта орманды алқаптарды көбейту мен орман өсірудің кешенді жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.