Қазақстанда бензинге акциз көтерілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінде бензиннің әрбір литрінде акциз бар, оның сомасы - 8 теңге. Қазіргі кезде акцизді тағы 10 теңгеге көтеру талқыланып отыр. Бұл қадам не үшін ұсынылып отыр? Өздеріңіз білесіздер, бюджеттік шығыстар елеулі көлемде өсті, оның ішінде әлеуметтік міндеттемелер артты. Республикалық бюджетте әлеуметтік салаға арналған шығыстар 45 пайыздан асты. Бұл тұрғыда бюджеттік консолидация қажеттігі бар, оның ішінде акциздердің фискалды қызметі арқылы. Қаулының жобасы қазір бұқарада талқылануда, осы орайда түрлі ұсыныстар жасалып жатыр», - деді Руслан Дәленов Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, акцизді арттырудың алдын ала датасы биылғы жылдың 1 желтоқсанына жоспарланып отыр. Бүгінде АИ-92 бензинінің литрі шамамен 150 теңге, кей жерлерде 149-152 теңге аралығында.
«Акциздің ставкасы тек 8 теңге, көршілес елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш өте төмен. Шетелде бензиннің жарты құнын акциз құрайды. Бізде аталған ұсыныс әлі де талқылау барысында», - деді министр.
Ведомство басшысы аталған ұсынысқа байланысты бензин бағасының өсуі мүмкіндігіне пікір білдірді.
«Егер де акциз қосылса, бензин алты пайызға қымбаттайды деп ойлаймын. Ал егер сол деңгейде қалса, бұрынғы баға сақталады. Шамамен 10 теңгеге қымбаттауы ықтимал», - деді Руслан Дәленов.