10 жел, 2020 сағат 11:05

Қазақстанда белсенді шағын компаниялар саны 2 пайызға артты

Биылғы жылы Қазақстанда белсенді шағын компаниялар саны 2 пайызға артты.

Дегенмен бұл еліміздегі жұмыс істеп тұрған шағын бизнестің жартысы ғана. Тіпті, кейбір салаларға шағын бизнес белсенділігі күрт қысқарғаны да байқалады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Finprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Елімізде тіркелген шағын компаниялардың саны 9 жыл қатарынан артып келе жатыр. 2020 жылдың қарашасында елімізде мұндай 452,4 мың компания болған. Бұл бір жыл бұрынғы кезеңдегі көрсеткіштен 3,6 пайызға көп. Жыл ішінде барлық тіркелген заңды тұлғалардың санындағы шағын компаниялардың үлесі 98-ден 98,1 пайызға ғана артты. Сонымен қатар бір жыл ішінде тіркелген жұмыс істеп тұрған шағын компаниялардың үлесі 67,4 пайыздан 69,9 пайызға дейін ұлғайды. Бұл 316,3 мың кәсіпорынды құрайды және бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7,6 пайызға көп. 

Бұған қоса, бір жыл ішінде жұмыс істеп тұрған белсенді шағын компаниялардың үлесі 54,4 пайыздан 51,4 пайызға дейін қысқарды. Дегенмен жыл ішінде олардың саны 1,7 пайызға көбейіп, 2020 жылдың қазан айының соңында 162,4 мың белсенді кәсіпорынды құрады. 

Белсенді шағын компаниялардың төрттен бірі Алматы қаласында тіркелген. Қалада мұндай 4,6 мың кәсіпорын бар және олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға артып отыр. Одан кейінгі орындарда Нұр-Сұлтан қаласы (25,4 мың), Қарағанды (10 мың) және Шығыс Қазақстан облыстары (9,7 мың) тұр. 

Белсенді шағын компаниялардың жартысынан көбі тек 4 салада ғана жұмыс істейді. Ең көбі көтерме және бөлшек сауда, сонымен қатар автомобиль мен мотоцикл жөндеу салаларында - 39,4 мың компания. Мұнан кейінгі орындарға білім беру (15,7 мың), құрылыс (15,6) кәсіби, ғылым және техникалық қызмет (12,3) салалары орналасқан. 

Жыл ішінде қаржы және сақтандыру қызметі салаларындағы белсенді шағын компаниялардың саны бірден 21,6 пайызға, 3 мыңға дейін қысқарып отыр.