06 сәу, 2018 сағат 10:19

Қазақстанда басылған түркі әлеміне ортақ оқулық Түркиядағы мектеп бағдарламасына енді

Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) әзірлеген түркі әлеміне ортақ тарих оқулығы мектеп бағдарламасына таңдамалы пән ретінде енгізілді. Бұл туралы Астанадағы өтіп жатқан «Ортақ түркі әдебиеті» оқулығының талқылау жиынында TWESCO президенті Дархан Қыдырәлі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшыларымыздың тапсырмасы бойынша біз - Халықаралық Түркі академиясы бірнеше жобаны қолға алғанбыз. Соның бірі - «Ортақ түркі әдебиеті» оқулығы. Отырысты бастамай тұрып сіздермен бір жақсы хабарды бөліскім келіп отыр. Таяуда ғана түркі әлеміне ортақ тарих оқулығын әзірлеп біткенбіз. Түркия Білім министрлігінен бізге хат келді. Түркия Білім министрлігі біз дайындаған оқулықты Түркияда таңдаулы пән ретінде биылдан бастап кіргізіп отыр екен», - деді TWESCO басшысы.

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Халықаралық Түркі академиясы үшін бұл зор қуаныш.

«Аталмыш оқулық Қазақстандағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқытыла бастаған. Ендігі кезекте Түркия мектептеріне де енгізіліп отыр. Біздің пайымдауымызша, Саммитте (Түркі тілдес елдердің саммиті - авт.) шешім қабылданған жағдайда Қырғызстан, Әзербайжан және Қазақстандағы барлық мектептерге осы Академия әзірлеген оқулық енгізілетін болады деген үміттеміз», - деді Дархан Қыдырәлі.

Айта кетсек, Бейбітшілік және Келісім сарайында өтіп жатқан ортақ оқулықты талқылау жиынына бірнеше түркі тілдес елдердің өкілдері қатысып отыр. Атап айтқанда, ортақ оқулықты талқылау үшін Әзербайжан мемлекеттік педагогикалық университеттің доценті Біләл Хасанов, Қырғыз Республикасы ҰҒА мүшесі, Халықаралық қырғыз-түрік «Манас» университеті Шығыс тілдері бөлімінің меңгерушісі Османакун Ибраимов, Түркия Республикасы Ұлттық білім беру министрлігі Еуропа Одағы және сыртқы байланыстар департаментінің директоры Ильхан Аксой келген.