16 қыр, 2020 сағат 07:57

Қазақстанда әжетхана қағазын өндіру 27%-ға артты

Елімізде 2020 жылдың қаңтар-шілде айларында қағаз және қағаз өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есеге артып, 48,3 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды Еnergyprom.kz порталы.

Былтырға арналған өнеркәсіп өндірісінің индексі 115,7%-ды құрады (бір жыл бұрын – 99,1% болған). 

Салыстыру үшін айта кетсек, 2019 жылы қағаз өндірісі 66,8 млрд теңгеге жетіп, жылдық өсім 14,6%-ды құраған. 

Қазақстанның өңірлері арасында қағаз және қағаз өнімдерін шығару бойынша қаңтар-шілде айлары бойынша Алматы облысы көш бастап тұр: 12,2 млрд теңге, жылдық өсім – 11,4%. Одан кейінгі орында Алматы қаласы тұр: 11,4 млрд теңге, жылдық өсім – 18,6%. Үздік үштікті Ақмола облысы түйіндеген. Бұл өңірде қағаз өндірісі 32 есеге артып, 9,5 млрд теңгеге жеткен. 

Жекелеп алсақ, өткен жылдың қаңтар-шілде айымен салыстырғанда әсіресе әжетхана қағазы өндірісі 26,5%-ға, 23,3 мың тоннаға артты. 

Сонымен қатар гофрленген қағаздан немесе картоннан жасалған қораптар, жәшік пен сөмкелер өндірісі 20,2%-ға, 61,7 мың тоннаға ұлғайған. 

Сондай-ақ оралған немесе парақ түріндегі гофрленген перфорацияланған қағаз бен картон (17,9 мың тоннаға дейін) және қол орамалдар мен косметикалық салфеткалар (2,1 мың тоннаға дейін) өндірісі 26,5% - ға қысқарды.