Фото: FreePik
Қазақстанда келесі жылдан бастап авторлық құқықтарды ұжымдық басқаруға арналған Бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады, деп хабарлайды Ult.kz.
Әділет вице-министрі Ботагөз Жақсылықованың айтуынша, бұл платформа авторлар мен контент жасаушыларға өз туындыларының қолданылуын онлайн режимде бақылауға, қаламақының есептелуі мен бөлінуін қадағалауға, сондай-ақ ашық есеп алуға мүмкіндік береді.
– Бүгінде көптеген авторлар мен олардың мұрагерлері өздеріне тиесілі қаламақының мүлде немесе толық көлемде төленбейтінін айтып, жиі шағымданады. Цифрлық платформа бұл процесті автоматтандырып, ашық етеді. Авторлар өз туындысы қайда, қанша рет орындалғанын көре алады. Сонымен қатар, бұл жүйе кафе, мейрамхана иелерінің де мүддесін қорғайды – олар нақты қандай шығарма қанша рет орындалғанын біліп, соған сай төлем жүргізе алады, – деді вице-министр.
Бұл бастама авторлық құқықты қорғауды нығайтып, шығармашылық иелеріне әділ әрі ашық жүйе қалыптастыруды көздейді.
