12 жел, 2023 сағат 13:52

Қазақстанда автогаздың шекті бағасы қайта бекітіледі

сурет ашық дереккөзден алынды

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап автогаздың шекті бөлшек саудадағы бағасы қайта бекітілмек. Энергетика министрлігі бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды Sputnik Қазпақстан.

Бұйрық жобасы "Ашық" НҚА порталында жарияланды. Құжат 2023 жылдың 19 желтоқсанына дейін қоғамдық талқылауда болады.

Құжатта көрсетілгендей, елімізде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап автогаз бағасын өсіру жоспарланып отыр.

• Астанада – литрі 70 теңгеден 76 теңгеге дейін;

• Алматыда – литрі 75 теңгеден 81 теңгеге дейін;

• Шымкентте – литрі 60 теңгеден 64 теңгеге дейін;

• Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан облыстарында – тиісінше 75 теңгеден (шалғай елді мекендерде – 80 теңге) 81 және 86 теңгеге дейін;

• Ақмола облысында – 70 теңгеден (шалғай аудандарда – 75 теңге) 76 және 81 теңгеге дейін;

• Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – 50 (55) теңгеден 54 (59) теңгеге дейін;

• Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында – 70 (75) теңгеден 76 (81) теңгеге дейін;

• Жамбыл облысында – 65 (70) теңгеден 71 (76) теңгеге дейін;

• БҚО, Қызылорда, Түркістан облыстарында – 60 (65) теңгеден 64 (69) теңгеге;

• Павлодар облысында – 70 (75) теңгеден 74 (79) теңгеге дейін көтеру жоспарлануда.

"Енгізілген өзгерістер қазіргі кезеңде сұйытылған мұнай газына бағаның өсуін білдірмейді. Айта кету керек, көтерме және бөлшек сауданың шекті бағалары сұйытылған мұнай газын өндіру құнын ескере отырып түзетілетін болады", - деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.

Бұған дейін ведомство Қазақстанда автогаз екі есе қымбаттайтынын, бірақ біртіндеп өсетінін мәлімдеген еді. Ведомство мәліметінше, қазір сұйытылған газдың бағасы өзіндік құннан төмен.

"Бағаның күрт қымбаттауына жол бермейміз, нарыққа қатысушылар шығынға ұшырамас үшін сұйытылған мұнай газының құнын ең болмағанда өзіндік құнына дейін жеткіземіз", - деген болатын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Еске сала кетейік, автогаздың қазіргі шекті бағасы 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды. Осыған байланысты министрлік бұйрық жобасын "Ашық" НҚА порталында жариялау мерзімін 10 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартуды ұсынып отыр.