02 қар, 2020 сағат 11:38

Қазақстанда ауылшаруашылық техникасын қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы іске қосылды

Бүгіннен бастап елімізде істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеуге қабылдаудың пилоттық бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ӨКМ операторы» баспасөз қызметінеің мәліметінше, бағдарлама Қарағанды облысындағы ескі көліктерді қайта өңдейтін зауыт алаңында ресми түрде бастау алды. Шараға ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері, ӨКМ операторы басшылығы, Қазақстандық автобизнес қауымдастығы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. 

Тозығы жеткен агротехниканы қабылдау Қазақстанның 10 өңірінде (Петропавл, Қостанай, Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Талдықорған, Семей, Шымкент, Қызылорда, Тараз) жүзеге асырылады. 

Айта кету керек пилоттық жоба аясында комбайндар әзірге Петропавл, Қостанай, Павлодар, Көкшетау қаласында қабылданады. Тракторлар мен комбайн тапсырғандарға жеңілдік сертификаты беріледі. Жеңілдік сертификатының құны ауылшаруашылығы техникасының түрі мен жинтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланады.

Бағдарламаның бастауын Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасы ашты. Аталған шаруа қожалығы Қарағандыдағы қабылдау бекетіне тозығы жеткен Т402 үлгісіндегі шынжыр табанды 6 трактор әкеліп тапсырды.

«Толық жиынтықтағы техниканың әрқайсысы миллион теңгеге бағаланды. 

Жеңілдік сертификатын Қазақстанда құрастырылған су жаңа ауыл шаруашылығы техникасын немесе елімізде шығарылған автокөлік құралын сатып алатын кезде пайдалануға болады. Сонымен қатар екі сертификатты біріктіруге және сертификатты басқа адамның атына тіркеуге (2 реттен артық емес) мүмкіндік бар. Сертификат тіркелген сәттен бастап оның қолданылу мерзімі-12 ай», делінген хабарламада.

Компанияның мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы техникасын қабылдаудың пилоттық бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 100 трактор мен 20 комбайн қабылдау жоспарланып отыр.

«Тозығы жеткен аграрлық техниканы қайта өңдеуге тапсыру, еліміздегі 80%-ға ескірген ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық таза көлік құралдарын өндіруді ынталандырады және қайта өңдеудің толыққанды жүйесін құруға ықпал етеді», деліген хабарламада. 

Комбайн (зауыттан шыққандағы массасынан 50%-дан жоғары) - 2 000 000 теңге (толық жиынтық), 50%-дан кем болса 1 500 000 теңге (толық емес жиынтық), трактор - 1 000 000 теңге (толық жиынтық), 560 000 тенге (толық емес жиынтық).