02 сәу, 2018 сағат 15:31

Қазақстанда аутизмге шалдыққан 300 балаға алғаш рет арнайы кино көрсетілді

2 сәуір – аутистикалық спектр ауытқулары бар балаларды қолдау күні. Осыған орай Қазақстанда аутизм диагнозы бар балаларға алғаш рет кинотеатрда фильм көрсетілді, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

Бұл фильмнің ерекшелігі – экранның жарығы мен дыбысын басып көрсету. Сонымен қатар, аутизмі бар балалар тез шаршайтындықтан оларға арнайы демалыс бөлмесі әзірленді. Фильмнің көрсетілімі жайында «Болашақ» корпоративтік қорының баспасөз хатшысы Әйгерім Арғымбаева айтып берді.

«Дисней Ленд компаниясы аутизмі бар балаларды қолдау үшін дүниежүзі бойынша өз фильмдерін балаларға көруге ыңғайлы қылып арнайы ерекшеліктер қосты. Мысалы, басқа балалар көріп жүрген «Коконың құпиясы» мультфильмінің экрандағы жарығын қараңғылатып, дыбысын басты. Өткен жылы Мәскеудегі аутизмі бар балаларға көрсетілді. Биыл біздің елімізде алғаш рет осындай ерекші науқан өтіп жатыр», - деді ол.

Әйгерім Арғымбаеваның айтуынша, балалар үшін фильмді көрсету барысында өзгеріс енгізу қиын болмаған.

«Керуен» сауда орталығында орналасқан Kinopark компаниясының мамандарына нұсқаулық жүргіздік. Яғни, аутизмі бар балалар кино көрген кезде қандай қиындықтар болады, қандай көмек көрсету керектігін түсіндірдік. Айтарлықтай проблема болмады. Олар балалар үшін бәріне дайын екенін көрсетті. Сондықтан елімізде алғаш рет өтіп жатқан фильм көрсетілімін қолдағандарға алғыс білдіреміз», - деді ол.

Қазіргі таңда Астананың үш мектебінде - №40, 71, 83 мектебінде инклюзивті білім беру қолға алынып, қаладағы 120-дан астам бала өзге балалармен бірдей білім алып жатыр.

Айта кетейік, кеше Астанада аутизм мәселесін ақпараттық таратуға арналған арнайы науқан өткен болатын.