14 шіл, 2025 сағат 09:28

Қазақстанда әрбір бесінші тауар онлайн сатып алынатын болады – халықаралық саммитте мәлімдеме жасалды

Фото: ҚР СжИМ

Пәкістанда өтіп жатқан «Электронды коммерция арқылы логистика мен бизнеске қол жеткізу» атты халықаралық саммит аясында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Электрондық және биржалық сауда департаментінің директоры Ғалия-Бану Мейрбаева цифрлық сауданың қазіргі ахуалы мен болашағы туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Ult.kz.

Ол өз сөзінде электрондық коммерцияны дамытудың экономиканы жаңғыртуға, экспортты арттыруға және өңірлік интеграцияны нығайтуға әсер ететін стратегиялық маңызына тоқталды. Жасанды интеллект пен виртуалды көмекшілерді қоса алғанда, жаңа цифрлық шешімдер клиенттерге көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, сыртқы сауда операцияларын оңтайландыруға мүмкіндік беретіні айтылды.

Сарапшының мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанда e-commerce секторы жеті есеге өсіп, 3,2 триллион теңгеге жеткен. Бұл – бөлшек сауда көлемінің 14,1%-ы. Алдағы бес жыл ішінде бұл көрсеткішті 20%-ға жеткізу жоспары бар. Яғни, әрбір бесінші сатып алу онлайн жүзеге асырылады деп күтілуде.

Осы мақсатта 2024 жылдың наурызында электрондық сауданы дамытуға арналған кешенді жоспар қабылданған. Онда заңнаманы жетілдіру, халықты оқыту, кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету және логистикалық инфрақұрылымды дамыту сынды бағыттар қамтылған.

Ғалия-Бану Мейрбаева тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нарық қатысушылары үшін тең мүмкіндіктер жасау мәселелеріне ерекше назар аударылатынын атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ, БҰҰ, ШЫҰ, ЕАЭО секілді халықаралық ұйымдар аясындағы трансшекаралық сауданы жеңілдету мен цифрлық ортаны қалыптастыру бағытындағы белсенді жұмысын тілге тиек етті.

Саммит барысында Қазақстан мен Пәкістанның Сауда министрліктері арасында 2025 жылдың сәуір айында қол қойылған электронды сауда саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум да атап өтілді. Бұл құжат екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

Қазақстан делегациясы халықаралық ынтымақтастықты арттыру арқылы аймақтағы сауда жүйесін инклюзивті, өзара байланысты әрі орнықты етуге ықпал ететініне сенім білдіріп, технологиялық ілгерілеу мен ашықтыққа деген ұстанымын тағы да растады.