Қазақстанда әлемдегі ең ірі Alibaba электронды сауда компаниясының желісі ашылуы мүмкін. Бұл жайында бүгін ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біздің министрліктің негізі бағыттарының бірі электронды сауданы дамыту болмақ. Бұл бағытта үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. Таяудағы Мәскеуге сапарым барысында Ресейдегі №1 желі – Wildberries-пен келісімге қол қойдық. Олар бізге, Қазақстанда электронды сауданы дамытуға көмектеседі», - деді ол ведомствоның Мемлекет басшысының таяудағы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған алқа отырысында.
Сонымен қатар министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-12 қыркүйектегі Қытайға сапары барысында Alibaba жүйесімен Танысу жоспарланып отырғандығын айтты.
«Мемлекет басшысының таяу күндердегі Қытай халық Республикасына сапар аясында Alibaba жүйесімен танысу жоспарланып отыр. Ынтымақтастық және осы жерде меншікті желісін дамыту, электронды сауда жүйесінде отандық тауарларды ілгерілету мәселесін талқылаймыз», - деді Бақыт Сұлтанов.
Сондай-ақ, министр Қазақстанда экспорттаушыларды қолдаудың жаңа моделі әзірленетінін айтты.
«Қазақстандық өнімді өткізу нарығын кеңейту үшін Орталық Азия, Ресей және Қытай нарықтары басым бағыттар ретінде айқындалған. Бүгінгі күні «бір терезе» қағидаты арқылы экспорттаушыларды қолдаудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Бұл ретте біз кәсіпкерлер палатасымен, холдингтермен, даму институттарымен бірге экспорттаушыларымызды сервистік қолдаудың жаңа тәсілдерін жасайтын боламыз. Қазіргі уақытта бұл мәселенің өзектілігі өте ауқымды. Экспорттаушылар үшін «бір терезе» жоқ, кеңінен қолдаудан да ада», - деді ол ведомствоның Мемлекет басшысының таяудағы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған алқа отырысында.
Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов Еуразиялық одақтың аясында министрлік өзекті мәселелер мен стратегиялық бағыттар әзірлеп, ЕАЭО-дағы әріптес елдердің нарықтарында қазақстандық тауарларды ілгерілетуге бөгет жасайтын кедергілерді жою жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
«Біз халықаралық аренада Дүниежүзілік сауда ұйымының барлық келіссөздеріне, соның ішінде Қазақстан үшін келешекте пайдалы болатын бағыттарына белсенді қатысуға ниеттіміз», - деді ол.