Фото: Ult.kz
Астанада өткен Халықаралық форум (AIF) аясында елімізде алғашқы халықаралық аутлет-орталығын салу туралы Бас келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ауқымды жоба Алматы облысында QSM тобының бастамасымен жүзеге асырылады. Жобаның стратегиялық серіктесі ретінде коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында 60 жылдан астам тәжірибесі бар австриялық Ekazent Management GmbH компаниясы таңдалды. Келісімге қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Австрия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Андреа Бахер қатысты.
Келісім аясында Ekazent Management GmbH компаниясы аутлет-орталықты орналастыруға ең қолайлы орынды анықтау мақсатында маркетингтік зерттеу жүргізеді. Сондай-ақ болашақ орталықтың архитектуралық және операциялық тұжырымдамасын әзірлеп, басқару стратегиясын қалыптастырады. Нысан іске қосылғаннан кейін оның күнделікті операциялық басқаруын да компания өз мойнына алады. Бұдан бөлек, компания халықаралық брендтер мен жалға алушыларды барлық коммерциялық алаңдарға тартумен айналысады.
Жалпы ауданы 80 000-нан 120 000 шаршы метрді қамтитын аутлет-орталық аумағында сауда галереялары, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, балаларға арналған ойын алаңдары мен басқа да қажетті инфрақұрылымдық нысандар орналаспақ.
Айта кету керек, 28 мамырда Астанада Astana International Forum аясында өткен «Италия – Қазақстан» іскерлік форумында логистика, машина жасау, агропереработка, цифрландыру және «жасыл» энергетика салаларында жалпы сомасы 180 млн еуроны құрайтын 10 меморандум бекітілді.
Форумды ҚР Сауда және интеграция министрлігі ACIK қауымдастығы және екі елдің елшіліктерімен бірлесіп ұйымдастырды.
