16 қаз, 2024 сағат 15:42

Қазақстанда алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірлігінің банкі ашылмақ

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірлігінің банкі ашылады, деп хабарлайды Ult.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова Қазақстанға шетелдік банктердің келуі нарыққа оң әсер ететінін атап өтті. Бұл бәсекенің артуына және пайыздық ставкалардың төмендеуіне алып келмек. Сонымен қатар, еліміздің екінші деңгейлі банктері цифрландыру саласында айтарлықтай дамыған.

"Банк қызметтері мен несиелендіру нарығында бәсекенің артуы мүмкін. Бәсеке болған жерде тиімді жағдайлар пайда болады. Біздің банктер де тұрақты, қазіргі таңда цифрландыруға үлкен инвестициялар құйып жатыр, сондықтан шетелдік банктердің нарыққа енуі бәсекелестікке себеп болады," – деді Әбілқасымова.


Сондай-ақ, қазіргі уақытта бірнеше микроқаржы ұйымы екінші деңгейлі банктерге айналуда. Мысалы, "BNK Finance" компаниясы банк лицензиясын алуға талпынуда, ал Катар инвесторлары Bereke Bank-ті сатып алу арқылы нарыққа кіріп жатыр. Біріккен Араб Әмірліктерінен Abu Dhabi Commercial Bank-тің нарықтағы үлесін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл банк БАӘ-де үшінші орында, активтері 155 миллиард долларды құрайды. Олар Ислам банк қызметтерін ұсыну үшін рұқсат алуға дайындалуда.

Сонымен қатар, KMF пен Solva микроқаржы ұйымдарының банк лицензиясын алу процесінде екендігі де айтылды.