Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанда алдағы екі-үш жылдың ішінде 16 жаңа ұшу-қону алаңдары салынатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен 25 жылдың ішінде тек ірі авиацияға баса көңіл бөлінгеніне тоқталған министр, соңғы екі жылдың ішінде арнайы бағдарлама қабылдап, шағын авиация саласы бойынша бірқатар жұмыстар атқару жоспарланып отырғанын баяндады.
«Болашақта елімізде 16 жергілікті ұшу-қону алаңдары салынады. Өткен жылы Үржар, Үшарал тәрізді шағын әуежайлар ашылды, бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыратын боламыз. Шағын авиацияны қолдау үшін біз арнайы субсидия бөліп отырмыз. Былтыр республикалық бюджеттен Үржарға субсидия бөлінді, енді Үшаралға, Балқашқа береміз. Алдағы екі-үш жылдың ішінде бұдан басқа да жергілікті шағын әуежайлар салынбақ», — деді Ж. Қасымбек.
Сонымен қатар, Алматы әкімшілігімен бірлесіп пилоттық режимде «Жетісу» әуе компаниясының базасында шағын авиация саласында жұмыс істейтін әуе компаниясы құрылмақ. Оған 20 шақты ұшақ алынатын болады.
Министрдің айтуынша, былтыр Астанада он шақты бағыт бойынша рейстер ашылған. Биыл да кемінде 10 бағыт ашу жоспарда бар.
«Олар – Ресей қалаларына, Азияға, Еуропаға ұшатын рейстер. Сондай-ақ, Ақтау қаласынан Дубайға ұшатын рейс ашылады», — деп нақтылады Ж. Қасымбек.