29 мау, 2023 сағат 14:12

Қазақстанда алауыздық тудырғаны үшін қолданылатын бап өзгертіледі

Фото: elements.envato.com

Бүгін сенаторлар интернет-платформалар мен интернет-жарнама туралы заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар онда Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Аталған заң жобасы бойынша, Қазақстандағы онлайн-платформалардың иелері мен заңды өкілдері азаматтың өміріне немесе қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз контент анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Уәкiлеттi орган ұйғарымы бойынша, балаға қарсы киберқорқыту деп танылған заңсыз мазмұнды, ақпаратты орналастыратын және тарататын парақшалардың елiмiздегi қызметi тоқтатылады.

ҚР Қылмыстық кодексіне әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тек немесе діни араздықты қоздырғаны үшін, сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін баптарды, оларды қолданудың қосымша негіздеріне өзгерістер енгізіліп жатыр.

Сондай-ақ, заң жобасында мемлекеттік тілді онлайн платформалардың интерфейстеріне міндетті түрде біріктіру қарастырылған. Бұл әлеуметтік желі алгоритмдеріне онлайн платформалардағы заңсыз контентті және қазақ тіліндегі контент модерациясын қадағалауға мүмкіндік береді.

Заң жобасы онлайн-платформаларды пайдаланушылар үшін олардың беттерінде орналастырылатын онлайн-жарнаманы, оның ішінде демеушілік мәтіндік контентті, графикалық және өзге де белгілердің көмегімен сәйкестендіру және таңбалау жөніндегі міндеттемелерді белгілейді.

"Заңның қабылдануы азаматтардың ақпарат алу және тарату құқықтарын жүзеге асыру үшін қауіпсіз интернет-ортаны құруға, онлайн платформалар мен пайдаланушылар арасында тиімді кері байланысты орнатуға, Қазақстандағы онлайн-жарнаманы құқықтық реттеуге, экономикалық қызметтің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Онлайн платформалар, мемлекеттік тілдегі интерфейсті дамытуды ынталандыру, отандық контент өндірушілерді қолдау болып саналады", - деді сенатор Нұртөре Жүсіп.