Қазақстандағы 17 өңірдің тоғызы биржада облигациялар орналастырып, 100 миллиард теңге алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі finprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық KASE биржасына 9 өңір әкімдігі облигациясын шығарды. Бұл ретте 100 миллиард теңге қарыздың тек 40,2 миллиарды Түркістан облысына тартылған. Өңір әкімдігі "Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы" бағдарламасы, сондай-ақ басқа да мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бойынша шығындарды жабу үшін наурыз және маусымда облигациялар орналастырған.
Бұл ретте республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер де барлық әкімдікке бөлінеді. Мысалы, дәл осы Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұр, биыл өңірге 221,7 миллиард бөлінген. Осыған қарамастан, өңір әкімдігі несие тартқан. Дегенмен соңғы жарты жыл ішінде өңір бюджетіндегі 2 миллиард теңге игерілмеген.
Игерілмеген қаржы ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау (412,4 миллион еңге), көлік және байланыс (308,8 миллион теңге), сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (223,9 миллион теңге) салаларына тиесілі.
Аймақтар арасында биржаға түскен қаражат бойынша Алматы мен Шымкент әкімдіктері де көш бастап тұр, олар сәйкесінше 20,6 миллиард теңге және 17,6 миллиард теңге, ал басқа әкімдіктер - 7 миллиард теңгеден аспайтын қаражат тартты.
936 рет оқылды