06 қаз, 2020 сағат 14:02

Қазақстанда аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі 2,3 есе ұлғайды

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров аграрлық ғылымды дамыту және маман даярлау бағыты бойынша министрліктің жоспарлы жұмысын баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда әлемдегі фермерлердің едәуір бөлігі білімнің жетіспеушілігінен күйреп барады. Бұл оқып, біліктілігін арттыру мүмкіндігінің жоқтығына да, жалпы аграрлық ғылымның дамуына да қатысты орын алуда. Осы түйткілді мәселелерді шешу үшін республикамызда агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін білім тарату бойынша қызмет көрсету тәсілдемелері қайта қаралды. Осы мақсатта Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы еншілес ұйымдарының құрылымы өзгерді. Қазір орталықты халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келтіру, бизнестің қажеттілігіне бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми-зерттеу институттарының, тәжірибелік станциялардың, тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтардың базасында 22 білім тарату орталығы құрылды. Сондай-ақ тұрақты жұмыс істейтін консультациялық орталықтар ұйымдастырылады», - деді Сапархан Омаров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемінің жеткілікті болуы қамтамасыз етіледі. 

Мәселен, биыл Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша алдағы 3 жылға 50,4 млрд теңге сомасындағы жалпы қаржыландыру көлемін мақұлдаған. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен (21,7 млрд. теңге) салыстырғанда 2,3 есе көп. 

Бұл қаражатқа зерттеудің 10 басым бағыты (өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу және басқа) бойынша 36 ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу жоспарланған. 

«Бизнестің отандық ғылыми зерттеулерге деген сұранысын қамтамасыз ету, кәсіби кадр тапшылығы проблемасын шешу үшін барлық қажетті нормативтік-құқықтық негіз жасалды. Мысалы, екі ірі аграрлық жоғарғы оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», - деді ол.