23 қаң, 2019 сағат 10:17

Қазақстанда "Әдебиет академиясын" ашу ұсынылды

Мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының Семей филиалының төрғасы, ақын Мерей Қарт елімізде "Әдебиет академиясын" ашуды ұсынды. Бұл туралы ол бүгін елордадағы «Нұр әлем» павильонында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының ашылу салтанатында айтты.

Мерей Қарт қазақ қаламгерлерінің "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарып, өз үлесін қосып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол "Әдеби өлкетану" жобасы аясында шығармашылық экспедицияға қатысқанын айта келіп, бұл жобаның аймақтарымыздың тарихы мен мәдениетін, өткені мен бүгінін насихат етудегі мән-маңызына тоқталды. 

"Қазақтың жас ақын-жазушылары мемлекет қолдауынан кенде емеспіз. Қазақстанның жас ақын-жазушылары ұлтымыздың руханиятына, әдебиетіміздің дамуына үлес қосып жүр. Мысалы, мен өткен жылы өзіңіздің қолдауыңызбен Қазақстан жазушылары қолға алған жалпы республикалық "Әдеби өлкетану" жобасына қатыстым. Арнайы Кереку жеріне барып, сол жердің әдебиетімен, мәдениетімен танысып, бір топ шығарма жаздым. Тек қана мен емес, республикамыздың әр аймағындағы аға буын ақын-жазушылар, жас қаламгерлер осы жобаға қатысты. Еліміз туралы, жеріміз туралы шығармалар дүниеге келді. Осындай мүмкіндік берген сізге барлық қаламгерлердің атынан алғысымды білдірем.

Сөз орайында Қазақстан Жазушылар Одағы ұсынған бірегей жоба туралы айтқым келеді. Әдебиет әлемінде жаңа кеңістік ашу мақсатында жас қаламгерлерге арналған "Әдебиет академиясын" ашуды ұсынамын. Әдебиет академиясы ашылса, жас ақын-жазушыларымыз білімін шыңдап, әлем философтарының, мәдениеттанушыларының ілімін бойына сіңіріп, әдебиетіміздің әлеуеті артып, тың өріс алуына септігін тигізер еді. Сол кезде жас қаламгерлер жаһандық бәсекеге қабілетті шығармаларды дүниеге әкелер еді", деді жас ақын.

Мерей Қарт өз сөзінде Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары әр қазақтың жүрегінен орын алғанын айта келе, алған әсерін өлең жолдарымен жеткізді.