Қазақстанда адамның қайтыс болғаны туралы куәлікті алу процестері жеңілдеді. Бұл туралы Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Президент Әкімшілігінде қызмет еткен кезде - пандемия уақытында Президент мәйітханалардың жанында көптеген адамдар жиналғанына назар аударды. Біз оның тапсырмасы бойынша талқылап, істің мән-жайын анықтадық. Мекемелер арасындағы бюрократияға байланысты қайтыс болғаны туралы куәлік алудың күрделі процестері бар. Осы процесті өзгерту үшін мен оны электрондық жүйеге ауыстыру бастамасын көтердім», - деді министр.
Оның хабарлауынша, барлық мемлекеттік органдар (ҚР ДСМ, ҚР ӘМ және ҚР БП ҚСжАЕК) толық интеграциялауды жедел түрде пысықтаған. Енді қайтыс болғаны туралы куәлікті алу бойынша күрделі процестің орнына eGov.kz порталдан бір анықтаманы алуға болады. Бұл сервис бірден бірнеше анықтаманы жояды.
«Өкінішке қарай, пандемия кезінде көпшілігіміз осы жағдайға тап болдық. Біздің міндетіміз осындай қиын кезеңде қажеті жоқ жүруді жеңілдету болды. Мұндай процестерді автоматтандыру маңызды. Сондықтан біз қағазбастылықты барынша азайтып, барлығын онлайн режимге көшіруді жалғастырамыз», - деп жазды Бағдат Мусин.