04 қар, 2019 сағат 08:57

Қазақстанда 81 мың жас жұмыссыз жүр - министр

Қазақстанда 81 мың жас жұмыссыз жүр. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жастар саясаты тиімділігінің негізгі параметрлерінің бірі – жастар жұмыссыздығы деңгейін төмендету. 2019 жылдың ІІ тоқсанында жастар жұмыссыздығы деңгейі 3,7 пайызды немесе 81 мың адамды құрады. Жұмыспен қамтылған жастар арасында, бұл 2 миллионнан астам адам, 77 пайызы – жалдамалы қызметкерлер. Оның ішінде 388 мың – сауда саласында, 253 мың – ауыл шаруашылығында, 239 мың – білім саласында, 218 мың – өнеркәсіп нысандарында жұмыс істейді. Қалған 23 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар», - деді министр.

Оның дерегінше, жастар жұмыссыздығымен байланысты проблемаларды шешу үшін «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобаларын қоса алғанда, бірқатар бағдарламалық шаралар көзделген. «Атамекен» палатасының «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 мың адамды оқытуға 1,5 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаның шарты бойынша білім алушылардың кемінде 20 пайызы бизнесін іске қосуы тиіс. Бизнес жобаларды несиелеуге республикалық бюджеттен 3 жыл мерзімге 89 млрд теңге бөлінді.

«Білім және ғылым министрлігінің «Жас маман» жобасы 210 мыңнан астам жас қазақстандықты қамтиды. Жобада 200 жаңғыртылған оқу орындарының базасында аса сұранысқа ие 100 индустриялық және сервистік мамандық бойынша мамандар даярлау қарастырылған. Бұл - заманауи оқу жабдықтармен жарақталған 180 колледж және 20 жоғары оқу орны», - деді ол.

Осы орайда Абаев аралық міндеттерді орындау үшін атқарылған іс-шараларға тоқталды. Атап айтқанда, мүдделі мемлекеттік органдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтары өкілдерінің қатысуымен Білім және ғылым министрлігі жанынан комиссия құрылды. Аса сұранысқа ие 100 сервистік және индустриялық мамандықтар анықталды.

«Бұл жерде қандай мамандықтар туралы сөз болып отыр? Бірінші орында бізде компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету жөніндегі инженерлер, 3D модельдеу жөніндегі инженерлер, машинааралық оқыту жүйелері жөніндегі инженерлер, WEB және мультимедиялық қосымшаларды әзірлеушілер тұр. Жоғары технологиялық салалардан басқа жұмысшы мамандықтарына үлкен сұраныс бар. Қазақстанға құрылыс бояушылары, ағаш ұсталары, тас қалаушы, монтаждаушылар және басқа да мамандар қажет», - деді министр.

Сондай-ақ оның айтуынша, әкімдіктермен бірлесіп, «Жас маман» жобасына қатысу үшін 180 колледж және 20 жоғары оқу орындарының алдын ала тізімі анықталды. Шетелдік серіктестермен келіссөздер басталды. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау және қысқартылатын қызметкерлер ережелері бекітілді.

«Бұл жобаны тиімді жүзеге асыру еңбек нарығын теңдестіруге, жастар жұмыссыздығын, шетелдік жұмыс күшін жалдауды, сондай-ақ, қазақстандықтардың ресейлік жоғары оқу орындарына кетуін қысқартуға мүмкіндік береді деп болжануда», - деді ол.