28 қыр, 2018 сағат 15:23

Қазақстанда 800 мың адам еңбекақысын конвертпен алып жүр

Бүгінде еңбекақыны конвертпен алу деңгейі азаймай тұр. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі жұмыспен қамту мәселесіне арналған парламенттік тыңдауда депутат Аманжан Жамалов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде еңбекақыны конвертпен алу тәжірибесі әлі де кеңінен тараған. Статистика бойынша бұл жұмысшылардың саны елеулі көрсеткішке жетті, яғни 800 мың адамға жуықтап қалды. Еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету шаралары бірінші кезекте аталған адамдардың жария түрде жұмыс істеуіне жол ашады. Сонымен қатар, бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуімен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды «көлеңкеден» шығару мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді», - деді Мәжіліс депутаты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты жағдай бойынша түсінік берді. 

Сонымен қатар, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин студент жастарға мамандығы бойынша жұмысқа орналасу неліктен қиын екенін түсіндірді.