04 мам, 2021 сағат 11:30

Қазақстанда 750 миллиард теңге кредитті төлеу мерзімі кейінге шегерілді



Шағын және орта кәсіпкерлер үшін кредиттерді төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Екінші деңгейлі банктерде кредиттер бойынша төлем мерзімін осы жылдың 1 шілдесіне дейін шегеру шаралары қабылданды. Кейінге қалдырылған төлем мөлшері 750 миллиард теңгені құрайды", - деді Мамин Үкімет отырысында.

Сонымен қатар ол ШОБ субъектілері үшін 1 сәуірден 1 маусымға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын барлық салықты төлеу мерзімі кейінге шегерілгенін атап өтті. Бұл бизнеске шамамен 200 миллиард теңгені сақтауға мүмкіндік берді.


Салық және кедендік берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтатылды.


"Бұл кәсіпкерлерге айналым капиталын толтыру үшін қосымша 279 миллиард теңгені жұмсауға мүмкіндік жасайды", - деді Мамин.


Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Экономикалық өсуді қалпына келтіру туралы жаңартылған кешенді жоспардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.


Сонымен қатар бизнесті салықтық ынталандыру жөніндегі заңнамалық түзетулер пакеті қабылданып, 1 маусымға дейін Парламентте тиісті жұмыс жүргізілуге тиіс екенін айтты.