19 мау, 2019 сағат 17:38

Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам өмір сүреді

Қазақстанда 4 мыңнан астам мектеп ерекше күтімді қажет ететін балаларды қабылдауға дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова айтты.

«Балаларға білім беру ұйымдарын қолжетімді етуде алға ілгерілеушілік бар. Елімізде 4 мыңнан астам ұйым ерекше қажеттілігі бар балаларды қабылдауға дайын. Ең бастысы олардың ерекшеліктеріне қарай белгілі бір білім беру базасын қалыптастыру керек. Бұл үшін арнайы білім беру бағдарламаларын жасап, олармен жұмыс істей алатын педагог мамандарды әзірлеуді ұсынамыз.  Онлайн-оқытуды қолға алу керек. Бүгінде Қазақстанда 15 мыңнан астам бала үйден оқиды. Бұл - жақсы көрсеткіш емес», - деді вице-министр Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында. 

Сонымен бірге, С. Жақыпова инклюзивті білім беру аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға жағдай жасап, оларды әлеуметтендіруді ұсынды.

«Дәл осы мақсатта Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірігіп, үйден оқитын балалардың сырқаттар тізімі жасалады. Егер баланың мектепке баруға шамасы жетсе, қатарластарымен бірге мектепке баруы тиіс. Ал мектепке бара алмаған балаларды қашықтықтан оқу процесіне қатыстыруымыз керек. Бұл платформа білім берудің барлық деңгейінде - мектеп, колледж және университеттерде жүзеге асырылады», - деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр мүгедек баласы бар отбасыға айрықша мәртебе беру туралы депутаттар ұсынысына пікір білдірді.

«Министрлікте бұл мәселе бірнеше рет көтерілген. Айрықша мәртебе берудің ар жағында белгілі бір жеңілдіктер, төлемдер жатқанын білесіздер. Қазір де мемлекет мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыға жәрдемақы береді. 2019 жылдың 1 шілдесінде бұл жәрдемақы тағы 30 пайызға өседі. Яғни, қазір 31 мың теңгеден төленіп жатқан жәрдемақы шілдеден бастап, 41 578 теңгеге көтеріледі. Аталған жұмыстар аясында жол картасы әзірленеді және айрықша мәртебе беру мәселесі де күн тәрбітінде тұрады», - деп жауап берді С. Жақыпова журналистер сұрағына.  

Сонымен қатар ол мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін көтерді.

«Кей аналар мүгедек баланы тәрбиелеуге берілетін 41 мың теңге жәрдемақының 10 пайызын зейнетақыға ұстап қалсын деген ұсыныстар айтты. 4 мың теңгеден 20 жыл бойы жинасаң да, елеулі қаражат шықпайды. Сосын 1998 жылға дейін жұмыс істемеген, одан кейін мүгедек бала тапқан әйелдерде де тиісті зейнетақы жинағы жоқ. Сондықтан, мұндай аналарға зейнетақы төлемдерін төлеуді қарастырып отырмыз», - деп түсіндірді вице-миинстр. 

"Мәселен, бізде алты бірдей мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ана бар. Ондай отбасы біреу ғана. Оларға жәрдемақы төленеді. Қазір ол анаға осы санаттағы балаға қарағаны үшін 31 000 теңгеден төлейміз. Оған қоса, олар 41 000 теңгені баланың мүгедектігі үшін алады. Жалпы, шілдеден бастап мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы өскеннен кейін аталған отбасы ай сайын орташа есеппен 82 000 теңге алатын болады", - деді Жақыпова үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында вице-министр бұл ананы қабылдап, мәселенің мән-жайын сұрағанын да жеткізді.

"Мен ол ананы Nur Otan партиясында өзім қабылдадым. Сол кезде алтыншы балаға аяғы ауыр болған. Жолдасы жоқ. Сонда бұл балалардың әкелері кім екенін сұраған болатынмын. Ол менің олай сұрауға құқым жоқ екенін айтты. Алла тағала берді. Сондықтан мен туа беремін деп жауап берді. Бірақ ол ана туралы ақпаратты бере алмаймын. Себебі бұл құпия мәлімет саналады", - деп атап өтті ол.

Жақыпованың сөзіне қарағанда, елімізде төрт мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ана да бар. Бірақ ол - патронатты отбасы. Олар елордада емес, басқа аймақта тұрады. 

Айта кетейік, Қазақстанда 685 мыңнан астам мүгедектігі бар адам өмір сүреді, оның 421 мыңы - еңбекке қабілетті жаста, 176 мыңы - зейнет жасында ал 18 жасқа дейінгі бала саны - 88 мың.

Өткен айда мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған 7 жылдық ұлттық жоспар қабылданды. Бұл жоспар 7 бағытта - мүгедектікті алдын алу мен профилактика, инклюзивті білім беру және білімнің қолжетімділігі, кедергісіз орта, экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту, әлеуметтік оңалту мен абилитацияны дамыту; әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту және қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жүзеге асырылады.