20 ақп, 2019 сағат 18:05

Қазақстанда 5G теxнологиясын сынақтан өткізу жоспарланып отыр - Абаев

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 5G желісін енгізу жайында айтып берді,  деп xабарлайды "ҚазАқпарат".

Министрдің айтуынша, бүгінде әлем бойынша ұялы байланыстың жаңа үлгісі - 5G желісін енгізу мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Соның арқасында фильмдерді бірнеше секундтың ішінде жүктеу мүмкін болмақ. Басқа да теxнологияларды жан-жақты дамытуға болады.

«Биыл Қазақстанда 5G теxнологиясын сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Осыдан кейін аталған желіні республика бойынша енгізу мерзімі анықталатын болады», - деді Д.Абаев министрліктің алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, шалғай жатқан ауылдарға талшықты-оптикалық желілер арқылы сапалы интернетті тарту жұмыстары да жалғаса береді. Өткен жылы 144 мыңнан астам адамды қамтитын 56 ауылды елді мекен сапалы интернетпен қамтылды. Негізгі мақсат - 1 249 елдімекенді кең жолақты желімен қамтамасыз ету. Жобаны жүзеге асыру барысында 20 мың шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық желі құрылысын салу жоспарланып отыр. 

Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі жүйе тек әлеуметтік желілерге ғана қатысты.

Ал мессенджерлерге тарамайды. «Біз әрбір телефонның ішіне кіре алмаймыз», - деп атап көрсетті Д.Абаев.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа мәжілісі өтті.