23 шіл, 2021 сағат 18:32

Қазақстанда 4765 адам вакцина алғаннан кейін коронавирус жұқтырған


Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова вакцинациядан кейін вирус жұқтырған науқастардың қандай екпе түрін алғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі таңда вакцина алғаннан кейін коронавируспен ауырудың 4 765 жағдайы тіркеліп отыр. Бірінші кезеңнен кейін 2 384 жағдай, екінші кезеңнен кейін 2381 жағдай болған. Бұл жалпы вакцина алғандардың 0,09 пайызы ғана. «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентімен 2048, екінші компонентімен 2 101 жағдай (0,09 пайыз), Hayat-Vax – 246 және 221 (0,09 пайыз), CoronaVac - 45 және 11, QazVac – 41 және 45 жағдай тіркелді», - деді комитет басшысы орталық коммуникацилар қызметінде өткен брифингіде. 

Айжан Есмағамбетова қай өңірде қандай вакцина түрлері қалғаны туралы да мәлімет ұсынды. 

«Бүгінде 582 141 бірінші компоненттің дозасы, 1 млн 194 мың екінші компонент дозасы бар. CoronaVac вакцинасының 20 мың бірінші компонент дозасы бар. Барлық өңірде әр түрлі мөлшерде. Ең көбі - Маңғыстау облысында. Тек Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жоқ. «Спутник V» екпесінің 581 мың бірінші компонент дозасы барлық өңірде бар. QazVac-тың 3000 дозасы бар. Маңғыстау және Атырау облыстарында көп. Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Түркістан облыстарында бұл вакцина қалған жоқ. «Синофармның» 6 286 бірінші компонент дозасы қалды. Бұл вакцинаның бәрі тек Маңғыстау облысында», - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы.