14 шіл, 2021 сағат 17:25

Қазақстанда 4,6 млн адам вакцинаның бірінші дозасын салдырды – Денсаулық министрлігі


Коронавирустың дельта штамы Қазақстанның барлық өңірінен анықталды және халықтың 46,5%-ы вакцина салдырды. Бұл туралы ҚР ДСМ Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемде дельта (үнді) штамының таралуына байланысты ҚР аумағында коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастардан алынған оң зертханалық сынамаларға скрининг жүргізіледі. 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша үнді штамын анықтауға 414-тен астам сынама скринингі жүргізілді, нәтижесінде 48%-да және барлық облыстарда, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында үнді штамм анықталды», - деді Р. Қожапова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

ДДСҰ мәліметтері бойынша, бүгінде дельта штамы әлемнің 104 елінде анықталған. Қазіргі уақытта халықты КВИ-ге қарсы вакциналауға көп көңіл бөлінуде. 

«Елімізде вакцинаның бірінші компонентін 4 601 830 адам салғызды, бұл тиісті халықтың 46,5%-ын құрайды. Екінші компонентті 2 541 853 адам алды. Бүгінгі таңда вакциналау бекеттерінде екпе саны жеткілікті – бірінші компоненттің шамамен 753 мың дозасы, екінші компоненттің 1 млн 280 мыңнан астамы бар. Осы сәтті пайдаланып, вакциналаудың жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі екеніне халықтың назарын аударғым келеді. Баршаңызды мүмкіндігінше медициналық себептер болмаған жағдайда, егу пункттеріне барып, вакцина алуға шақырамын», - дейді Роза Қожапова.