19 сәу, 2022 сағат 12:58

Қазақстанда 4 жоғары оқу орны мен 29 колледж жабылу алдында тұр

© Sputnik / Павел Лисицын

Қазақстанда тағы төрт университет пен 29 колледж жабылады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, студенттерге сапалы білім беру үшін бақылау екі бағытта жүргізіледі:

  1. сапасыз жоғары оқу орындарын немесе колледждерді жабу және оларды лицензиядан айыру;
  2. жоғары оқу орнын немесе колледжді бейіндеу, бейініне сәйкес келмейтін және сұранысқа ие емес лицензияларды қайтару.

"Қазіргі кезде толығымен 15 жоғары оқу орны және 31 колледж жабылды. Тағы 4 жоғары оқу орны және 29 колледж жабылу сатысында", - деді Аймағамбетов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар 61 университеттің 500 бағыт бойынша лицензиясы және 375 колледждің 2 200 бағыт бойынша лицензиясы қайтарып алынған. Тағы 15 университет пен 47 колледждің бейініне сәйкес келмейтін лицензияларын қайтару жұмыстары жүріп жатыр.

Мәселен, Аймағамбетовтың айтуынша, мұғалім даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 86-дан 50-ге дейін азайса, заңгерлер 72-ден 61-ге дейін қысқарған.

Министр болашақта тек сапалы білім беретін университеттер мен колледжер қалатынын атап өтті.