Қазақстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан онлайн-сақтандыру енгізіледі. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Ұлттық банкі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 2 шілдедегі № 166-VI Қазақстан Республикасының Заңымен онлайн-сақтандыруға және электрондық нысандағы сақтандыру полисінің заңдылығын бекітуге қатысты заңнамалық түзетулер енгізілгенін хабарлайды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандыру ұйымдарының клиенттері сақтандыру шарттарын интернет-ресурстарды пайдалана отырып, электрондық нысанда жасасып, сақтандыру полисін электрондық нысанда ресімдей алады», - делінген хабарламада.
Шарттың электрондық нысаны міндетті сақтандырудың барлық түрлері бойынша енгізіледі. Онлайн-сақтандыру енгізілгеннен бастап міндетті сақтандыру шарттары бойынша қағаздағы полистердің айналысы жойылады. Сақтандыру шартын жасасу фактісі сақтандыру бойынша бірыңғай дерекқорға сұрату жіберу арқылы тексеріледі. Автокөлік иелерінің әкімшілік полицияның қызметкерлеріне сақтандыру полисін ұсынуы қажет емес.
Онлайн-сақтандыруды енгізу халық пен бизнес үшін сақтандырудың құнын арзандатуға, шарттарды офиске бармай-ақ немесе делдалдардың қатысуынсыз сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы тікелей жасасу мүмкіндігін береді, сондай-ақ сақтандыру төлемдерін алуды жеделдетеді. Сақтандыру компаниялары көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасасу кезінде 10 пайызға дейін жеңілдік беруге құқылы.