26 там, 2020 сағат 18:02

Қазақстанда 161 мың бала арнайы білімге мұқтаж - БҒМ

ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылында арнайы білім беру ұйымдарының қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің арнайы салада арнайы мектептер, мектеп-интернаттар, педагогикалық, медициналық, психологиялық консультациялар, түзеу кабинеттері, оңалту орталықтары сынды басқа да ұйымдар бар. Осы ұйымдардың пандемия кезіндегі оқу процесін ұйымдастырудың әдістемелік ұсынымдары әзірленді. Аталған ұсынымдар бізде қоғамдық ұйымдармен, денсаулық сақтау саласының мамандарымен, арнайы білім беру саласының мамандарымен талқыланды. Шілде айында талқыланып, тамыз кеңесінде барлық мұғалімдердің қарауынан өтті», - деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің бас сарапшысы Ардақ Айтжанова Facebook парақшасында өткен онлайн жиналыста. 

Аталған әдістемелік ұсыныстарды Түзету педагогикасы ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Райгүл Айтжанова таныстырды. 

«Ресми статистика бойынша елімізде 161 156 бала арнайы білімді қажет етеді. Бұл санатқа көзі нашар көретін және зағип балалар (еліміз бойынша 8 318 бала), құлағы нашар еститін 5 911 бала, тірек-қимыл аппараты бұзылған 18 841 бала, сөйлеу қабілеті бұзылған 47 022 бала, психикалық дамуы тежелген 50 826 бала, аутизммен ауыратын 5 193 бала және ақыл-ой кемістігі бар 25 045 бала кіреді», - дейді маман. 

Республика бойынша 420 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 195 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 98 арнайы мектеп, 14 оңалту орталығы және 38 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 75 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) жұмыс істейді. 

Жаңа 2020-2021 оқу жылында арнайы білім беру ұйымдарына қашықтан, штаттық және жабық режимде жұмыс істеу ұсынылып отыр. 

«Елде қатаң карантин режимі орнаса, арнайы білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту форматы ұсынылады. Арнайы балабақшалар жұмысын өңірдегі бас санитарлық дәрігер шешімімен жалпы типтегі балабақшалар секілді кезекші топтарды ұйымдастыру арқылы жалғастыруға болады. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері және оңалту орталықтары штаттық режимде қашықтық технологияларды қолдану арқылы жұмыс істейді. Ал жабық режим өңірдегі бас санитарлық дәрігер шешімімен арнайы мектеп-интернаттарға енгізіледі. Жабық режим ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытуға ұсынылады, өйткені олар қашықтан жіберілген материалды қабылдай алмайды», - деп түсіндірді Райгүл Айтжанова. 

ҚР БҒМ хабарлауынша, арнайы білім беру ұйымдары оқыту форматын ата-аналармен келісе отырып, өздері таңдайды.