Фото: kaspersky.ru
Қаржылық мониторинг агенттігі криптовалютаға қатысты көлеңкелі операцияларға қарсы жүйелі күрес жүргізіп келеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Агенттік мәліметіне сәйкес, интернет-алаяқтық және есірткі саудасынан түскен кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 130 заңсыз криптовалюта алаңының (криптобиржа) қызметі тоқтатылған.
Тергеу барысында жалпы сомасы 16,7 млн USDT көлеміндегі цифрлық активтерге тыйым салынды.
– Қаржы жылыстату схемасында қылмыстық жолмен алынған қаражат алдымен банк шоттарына немесе криптовалюта айырбастау қызметтерін көрсететін әмияндарға аударылады. Одан әрі бұл қаражат конвертацияланып, түрлі қаржылық операциялар тізбегі арқылы ақшаның шыққан көзі жасырылып, заңсыз табыс "тазартуға" жіберіледі. Мұндай қызмет үшін арнайы ақы алынады, – деп хабарлады ведомстводан.
Көбінесе мұндай операцияларда дропперлердің банк карталары мен электрондық әмияндары пайдаланылады. Осылайша, заңсыз криптоайырбастау алаңдары көлеңкелі қаржы айналымына қатысып, қолма-қол ақшаға айналдыру және шетелге шығару арқылы "кәсіби жылыстатушылар" ретінде әрекет етеді.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға цифрлық активтерді айырбастау кезінде тек ресми тіркелген, лицензияланған және заң аясында жұмыс істейтін провайдерлердің қызметін пайдалануға кеңес береді. Лицензияланған криптобиржалардың тізімімен Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ресми сайтында танысуға болады. Ведомство заңсыз қаржы схемаларына қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ұлттық банк крипторезерв тұжырымдамасын әзірлеу үстінде.
