23 қаз, 2020 сағат 07:50

Қазақстанда 130-ге жуық қар барысы бар - Мағзұм Мырзағалиев

Қазақстанда бүгінгі таңда 120-130 қар барысы бар. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың Twitter парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін, яғни 23 қазан күні Халықаралық қар барысы күні аталып өтуде. Қазақстанда 120-130 бас ілбіс бар десек, олардың саны жыл сайын азайып келеді. Барыстың фототұзаққа түсіп қалатын сирек кадрлары жыртқыш аңның популяциясын зерттеуде өте бағалы. Мұндай атаулы күн қар барысы мен оның мекен ету ортасын сақтап қалу проблемасына қоғам назарын көбірек аударуға септігін тигізетініне сенемін», - деп жазды министр.

Қар барысы немесе ілбіс - Орталық Азияның тауларында, Солтүстік Үндістан, Пәкістан, Байкал, Тибет өңірлерін мекендейтін мысық тұқымдас аңның түрі. Түркі тілдес және көшпенді елдер үшін, барыс ұлттық таңба. Қазақ халқы ежелден барыстың тектілігін, батылдығын, айлалылығын пір тұтқан. Дәстүрлі жыл санауымыздың үшінші жылы - Барыс жылы. Барыс Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының төлтаңбаларында бейнеленген.

Қар барысының барлық жерде саны өте аз. Басқа мекендермен салыстырғанда Алматы қорығында жиірек кездеседі. Іле Алатауында - 30-35, Теріскей Алатауында - 2-3, Кетпенде 2-3 барыс тіршілік етеді. XX ғасырдың 60-80 жылдары Күнгей Алатауында оның іздері жиі кездесетін. Сол жылдары Жоңғар Алатауында 50 барыс тіршілік етті, ал Сауырда іздері ғана көрінді. Батыс Тянь-Шаньда сирек, Ақсу-Жабағылы қорығында 2-3 барыс өмір сүреді. XX ғасырдың 70-80 жылдары Қазақстанда барлығы 180-200-дей барыс бар екендігі анықталды. Ал қазірде бұл көрсеткіш 130-дай ғана. Қар барысының таралу аймағы тарылып, саны кеміп бара жатыр.