2020 жылғы 30 қыркүйекте COVID-19 және пневмониямен ауыратын 12 830 медицина қызметкері тіркелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «ҚР ДСМ өзекті мәселелері: Пандемия кезіндегі медициналық көмектің қол жетімділігі туралы» тақырыпта өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылғы 30 қыркүйекте COVID-19 және пневмониямен ауыратын 12 830 медицина қызметкері тіркелді. Оның ішінде 8 339 жағдай кәсіби қызметпен байланысты. Өңірлік комиссиялар 8 320 істі қарады және мұндай жағдайлардың 67 пайызын растады», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда медициналық қызметкерлердің 88%-ы немесе аймақтық комиссия деңгейінде расталған жағдайлардың 3 454-і COVID-19 бойынша өтемақы алды.
«Өкінішке қарай, пандемия басталғалы Қазақстанда 182 медициналық қызметкер көз жұмды. Аймақтық комиссия 58 өтінім бойынша коронавирустан көз жұмған медициналық қызметкерлердің туыстарына өтемақы беру туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта 37 отбасы өтемақы алды, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», - дейді ол.