31 там, 2021 сағат 14:50

Қазақстанда 12 млрд доллар болатын мұнайгаз-химиясы жобалары іске асырылады


Қазақстанда жалпы құны 12 млрд доллар болатын мұнайгаз-химиясы жобалары іске асырылатын болады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Татарстандағы мұнайгаз-химиясы форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазан қаласында өтіп жатқан форумның ашылуында сөйлеген сөзінде ҚР Энергетика министрі Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында экономиканың негізгі салаларының бірі – мұнайгаз-химиясы саласында оң даму серпіні байқалатынын атап өтті. 

«Бұған дәлел ретінде ағымдағы жылы біздің ірі мұнай-газ компанияларымыз «ҚазМұнайГаз» АҚ мен «Татнефть» ЖАҚ арасында бутадиен мен оның өнімдерін шығару бойынша өзара іс-қимылдың базалық шарттары туралы келісімге қол қою болып отыр», - деді Нұрлан Ноғаев.

Осы жоба бойынша инвестициялар көлемі шамамен 820 млн АҚШ долларын құрайды, аяқталу мерзімі – 2026 жыл. Зауыт өнімдері Ресей Федерациясына, Еуропаға, Түркияға және Қытайға жеткізіледі деп жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Қазақстанда хошиісті көмірсутектер, жағармайлар, полипропилен және бензинге арналған октан қанықтыратын қоспалар өндіретін зауыттар табысты жұмыс істеуде. Бұл зауыттар шығаратын өнім желісі ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие, сондай-ақ Қытай, Ресей, Өзбекстан және т.б. көрші елдерге экспортталады. Сондай-ақ Қазақстанда қуаттылығы жылына 500 мың тонна, құны 2,6 млрд долларды құрайтын полипропилен өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Бұдан басқа мынадай өндірістік жобалар әртүрлі даму сатысында: 

- Полиэтилентерефталат (жылына 1 миллиард долларға 430 мың тонна);

- метанол (жылына 130 мың тонна, құны 200 миллион доллар);

- олефиндер (жылына 800 мың тонна/ құны 1,8 миллиард доллар);

- полиэтилен (жылына 1,250 миллион тонна/құны 7,6 миллиард доллар);

- (жылына 186 мың тонна, құны $820 млн);

- негізгі майлар (280 жылына құны $860 млн).

Аталған жобалардың жалпы құны шамамен 12 млрд АҚШ долларын құрайды. 

«Біз осы саладағы жобаларды табысты іске асыру үшін барлық қажетті мемлекеттік қолдау шараларын көрсететін боламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы мұнайгаз-химияның дамуына серпін берді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде осы бағытты дамытуға қатысты алдымызға үнемі міндеттер қойып келеді. Қазіргі уақытта Үкімет мұнайгаз-химия саласында арнайы инвестициялық келісім әзірлеуде, онда осы саланы дамытуға инвестицияларды ынталандыруға бағытталған ерекше преференциялар қамтылатын болады, - деді ҚР Энергетика министрі форумның ашылуында. 

Татарстанға жұмыс сапары аясында Нұрлан Ноғаев халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысады, әріптестерімен жол құрылысы мен құрылыс саласында мұнай-химия өнімдерін пайдалануды кеңейтуді талқылайды, сондай-ақ Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездеседі.