24 қаз, 2016 сағат 08:56

Прокуратура: 10 жылда 100 миллиард теңге шетелге заңсыз шығарылған

Қазақстаннан соңғы он жылда шетелге 100 миллиард теңгеге жуық қаржы заңсыз шығарылды деп мәлімдеді бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Кравченко бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан жымқырылған активтерді қайтаруға қатысты семинарда айтқан.

Кравченконың сөзіне қарағанда, соңғы 10-15 жыл аралығында шетелге заңсыз шығарылған қаржының нақты сомасын айту қиын.

"Біз барлығын емес, ең ірі қылмыстық істер бойынша қаржыны санадық. Соңғы 10 жылда мұндай қылмыс саны шамамен 200-ге жететін шығар. Қазір осы қылмыстық істер бойынша 100 миллиардтай теңге шығарылғаны анықталды. Бұл соманың 30 пайыздайы Қазақстанға қайтарылды" деді Кравченко.

Бас прокурордың орынбасары қаржы заңсыз түрде негізінен Солтүстік Америка мен Еуропа елдеріне және оффшорлық аймақтарға шығарылатынын айтады. Шетелге шығарылған қаржыны қайтару үшін 30-ға тарта халықаралық келісім жасалынған.

Ұлт порталы