13 қаң, 2022 сағат 13:35

Қазақстан жүк тасымалдаушылары бірқатар төлем мен айыппұлдан босатылды


«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қазақстанның барлық өңірлерінде төтенше жағдай кезеңінде жүк тасымалдаумен байланысты айыппұлдарды, алымдарды және төлемдерді алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Шешім «Темір жол көлігі туралы» ҚР Заңы аясында, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үндеуін ескере отырып қабылданды»,-делінген хабарламада. 

Атап айтқанда енді:

- жүк тасымалдау жоспары бойынша өтінімді орындамағаны үшін айыппұл салынбайды;

- жүк жөнелтушілердің, жүк алушылардың, тармақ иеленушілердің, вагондардың (контейнерлер) иелерінің кінәсінен болған, меншікті (жалға алынған) вагондардың бос тұрғаны, магистральдық, станциялық жолдарда контейнерлердің кідіргені үшін төлем алынбайды. 

Бұдан басқа, форс-мажорлық жағдайларға байланысты жүк алушыларға жүктің межелі станцияға келгені туралы хабарланған сәттен бастап 48 сағаттан артық тұрып қалған жүктерді сақтағаны үшін алым 10 еселік емес, бір еселік мөлшерде алынады.