12 шіл, 2021 сағат 19:12

Қазақстан жастарына «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты берілмек


ҚР Үкіметінің қаулысымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Грант берудің мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған, жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау», - делінген Үкімет қаулысында.

Грант беру міндеттері: 

талантты және талапты жастарды қолдау;

елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін практикалық қызығушылық танытатын жастардың инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелерін анықтау және қолдау;

жастардың жаңа және қолданыстағы стартап-жобаларын іске асыруға жәрдем көрсету;

жастар арасында шығармашылық қызметті танымал ету.

Гранттың мөлшері мен санын Үкімет жыл сайын белгілейді. 

Гранттар ҚР азаматтарына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін келесі бағыттар бойынша конкурстық негізде беріледі: 

«Ғылым» - ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін;

«Мәдениет» - Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін;

«Ақпараттық технологиялар» - жаңа IT-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде бастаушы стартап-жобаларды іске асыру және әзірлеу үшін;

«Бизнес» - экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін;

«Медиа» - жаңа медиа-жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контентті құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін.

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік немесе орыс тілдерінде қабылданады және онда төмендегі мәлімет болуы қажет:

жобаның сипаттамасы;

жобаның бейнепрезентациясы (60 секундтан көп емес);

шығындар сметасының жобасы;

зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса).

Қаулы 2021 жылғы 20 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.