31 шіл, 2025 сағат 15:54

Қазақстан Универсиадада 11 медаль жеңіп алды: 1 алтын, 10 қола

Фото: ашық дереккөз

Германияның Рейн-Рур аймағында өткен ХХХІІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада өз мәресіне жетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жас спортшылар бас қосқан байрақты додада Қазақстан құрамасы лайықты өнер көрсетіп, 37-орынға табан тіреді, деп хабарлайды Ult.kz.

Жоғары рух, мықты ерік-жігер мен адал еңбектің арқасында ел мерейін үстем еткен Қазақстан құрамасы шаршы алаңда 1 алтын, 10 қола, жалпы есебі 11 жүлдені еншіледі. Оның ішінде таеквондошылар ұлт қоржынын 1 алтын, 7 қола медальмен толтырып, үлкен жетістік көрсетті.

Айта кетейік, 16-27 шілде аралығында Дуйсбург, Бохум, Эссен, Хаген, Мюльхайм және Берлин қалаларында 18 спорт түрі бойынша өнер көрсеткен таңдаулылардың сапында қазақстандық 62 спортшы намысты қолдан бермеуге күш біріктірді.