19 шіл, 2023 сағат 10:45

Қазақстан Түркиядан 2 трлн теңгеге бронды техника сатып алатыны рас па?

Фото: otokar.com.tr

Қорғаныс министрлігі түркиялық Otokar компаниясымен 2 триллион теңгеге бронтранспортерлер сатып алу туралы келісім жасалғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен түріктің "Otokar" компаниясы арасында 2 триллион теңгеге жуық сомаға бронды техниканы сатып алуға келісім жасалғаны туралы әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Бүгінде түрік тарапымен бронды техниканы жеткізу бойынша ешқандай келісім жоқ. "Otokar" компаниясы бронды техника өндірушілерінің бірі ғана болып табылады, оның үлгілері қызметке қабылдау ережелерінде бекітілген рәсімге сәйкес жалпы негізде қаралады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі бұған дейін де хабарлаған болатын", - делінген мәлімдемеде.

Бұл ретте техниканың басқа да шетелдік үлгілері қарастырылады.

"Қазіргі уақытта аталған компанияның 8х8 бронды техникасының үлгісі отандық бронды техниканың үлгісімен қатар тәжірибелік сынақтардан өтіп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша техникалық талаптарға сай техниканың үлгісі айқындалады.

Естеріңізге сала кетейік, Қорғаныс министрлігі өз құзыреті шеңберінде мемлекеттің қорғаныс қабілетіне жауап береді және қару-жарақ пен әскери техниканың әртүрлі үлгілерін қажет етеді. Бұл ретте қорғаныс ведомствосы үшін үлгілерді таңдау кезінде отандық және халықаралық сарапшылар мойындаған өнімнің сапасы басымдыққа ие. Сондықтан әлеуметтік желілерде таралатын әртүрлі жалған ақпараттарға сүйенбей, тек тексерілген, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз" - делінген хабарламада.