20 қаң, 2020 сағат 15:55

Қазақстан тұрғындарының 11%-ына тұмауға қарсы вакцина егілді

Тұмау және тұмауға ұқсас жіті респираторлы вирустық инфекциялар жағдайы тұрақты. Былтырмен салыстырғанда 20% төмен. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, халықтың 10%-ына тұмауға қарсы вакцина егу керек болса, Қазақстанда тұрғындардың 11%-ы егілді. Вакцина алты айдан асқан нәрестелерге, дәрігерлерге, жүрек қан-тамыр созылмалы аурулары бар, тыныс жолдары созылмалы аурулары бар науқастарға, Балалар үйлеріндегі балалар мен Қарттар үйіндегі қарияларға және жүктіліктің екінші, үшінші кезеңіндегі әйелдерге егілді. Биыл 2 125 000 тұрғынға вакцина егілді. Тұмау және тұмауға ұқсас жіті респираторлы вирустық инфекциялар жағдайы тұрақты. Былтырмен салыстырғанда 20% төмен», - дейді ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин.

Ол тұмау және ЖРВИ-ға шалдыққандарға кеңес айтты.

«Адам көп жүретін қоғамдық орындар мен жабық нысандарда жүру - қауіпті. Иммунитетті көтеру үшін дәрумендер ішіп, жеміс-жидек жиі жеу керек. Сондай-ақ, имбирь мен лимон қосылған су ішу пайдалы», - дейді ол.