Бублик/Евсеев (а) жұбы үндістандық теннисшілермен финалда ойнап жатқан сәт. Джакарта, 24 тамыз 2018 жыл.
Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан теннистен бір күміс, бір қола медаль иеленді, деп хабарлайды Азаттық.
Ерлер арасындағы жұптық сында қазақстандық Александр Бублик пен Денис Евсеев финалда үндістандық Рохан Бопанна/Дивидж Шараннан жеңіліп (3:6, 4:6), күміс медаль алды.
Әйелдер арасындағы жұптық жарыста қазақстандық Анна Данилина мен Гюзаль Айнидинова жартылай финалда тайпейлік теннисшілерден жеңілді. Азия ойындарында жартылай финалда ұтылған теннисшілер қола медаль иеленеді.
Қазір Қазақстан 2 алтын, 7 күміс, 19 қоламен (барлығы - 28 медаль) жалпы есепте 12-орында тұр. Алтынды семсерлесуден Дмитрий Алексанин мен велоспорттан Алексей Луценко алған.
Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.