Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми хост-бродкастері «Қазақстан» РТРК» АҚ болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" expo2017astana.com сайтына сілтеме жасап.
Хост-бродкастер барлық 93 күн бойы Көрме аумағынан телевидение және радио арқылы хабар тарататын болады. Барынша көп аудиторияны тарту мақсатында «Қазақстан» телеарнасы Көрменің алғашқы күнінен бастап, халықаралық шара өз жұмысын аяқтағанша тікелей эфирде трансляция жүргізеді.
Телевизиялық сигнал алдын ала берілген өтінімдер бойынша Көрменің Медиа Орталығына, «Қазмедиа Орталығы» мен шетелдік ақпарат құралдарына беріліп отырады.
Күн сайын Халықаралық көрме аумағында 10 және 5 камерасы бар 4 ЖТС (жылжымалы телевизия стансалары), 2 МСС (мобильдік спутник стансалары), жылжымалы кейстер базасындағы 4 ЖТС жұмыс істейді.
Жалпы, Экспо-2017 көрмесін ақпараттық сүйемелдеуге «Қазақстан» РТРК» АҚ барлық техникасы мен 146 техникалық қызметкері жұмылдырылады. Айта кетерлігі, Live-режимде шараның ашылу салтанатынан хабар таратуға бірнеше еуропалық және америкалық арналар өтінімдерін алдын ала беріп қойды.
«Астана «ЭКСПО-2017» бродкастингін ұйымдастырудағы басты ерекшелік - тиісті аймақтық телеарналардан бастап, халықаралық телеарналардың барлығы Көрмедегі «картинаны» тегін пайдалана алатын болады.
«Астана «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мен «Қазақстан» РТРК» АҚ арасында 2017 жылғы 2 мамырда тиісті келісімшартқа қол қойылды.