23 сәу, 2024 сағат 19:09

“Қазақстан” спорт сарайының жөндеу жұмыстары неге ұзаққа созылды?


Фото: kursiv.media


2019 жылы жөндеуге жабылған Астанадағы “Қазақстан” спорт сарайы әлі күнге дейін қолданысқа берілмеді. Бір жылдан кейін кешенді жөндеп, кейін пайдалануға беру үшін шетелдік инвестор тартылатын еді. Ал 2021 жылы Астана әкімі спорт кешені апаттық жағдайда тұрғанын, тіпті сүрілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Одан кейін ғимарат словакиялық ColosseoEAS компаниясына жөндуге беріледі. Бірақ тиісті жұмыстар жүргізілмеген. Былтыр қала әкімі жаңа инвестор іздеп жатқанын хабарлады, деп жазады «Ұлт ақпарат» MNU Newsroom -ге сілтеме жасап.


2000 жылы салына бастаған “Қазақстан” спорт сарайы бір жылдан кейін пайдалануға берілді. Жалпы ауданы 22000 м², 4 қабатты ғимарат ішінде 8 жолға арналған 50 метрлік бассейн, 5000 көрермен сыятын хоккей мұз алаңы және басқа да жаттығу залдары бар. 


Одан бөлек, кешен ішінде 80 орынды қонақ үй, мейрамхана мен кафе жұмыс істейді. “Қазақстан” кешенінің басты ерекшелігі – мұз алаңы мен бассейннің бір шатырдың астына бірігуі.


Астаналық “Барыс” хоккей клубы Континенталды хоккей лигасында елдегі ойындарын осы спорт сарайында өткізіп келді. Клуб талабымен кешен алғаш рет 2007 жылы жөндеуден өтті. 


2019 жылдың сәуірінде күрделі жөндеу жұмыстары қажет деп танылып, кешен жұмысы тоқтатылды. Астана қаласы әкімдігі бақылауындағы “Астана” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ғимаратқа тексеру жүргізіп, күрделі жөндеу жүргізу алғышартын анықтады


Зерттеу нәтижесінде дәнекерленген және болтты қосылыстардың физикалық тозуы коррозиялық деформацияға ұшыраған. Сондай-ақ, сапасыз құрылыс материалдарына байланысты қасбеттің керамикалық плиталары да жарамсыз. Қасбеттің техникалық жағдайы қанағаттанарлықтай емес және шектеулі жұмыс істейтін құрылыс ретінде бағаланады. 


2021 жылдың ақпан айында Астана қаласының сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов ғимараттың апатты жағдайда тұрғанын, соған байланысты күрделі жөндеу жасалатынын, тіпті ғимаратты толығымен бұзуға тура келуі мүмкін екенін айтқан еді. 


Сол жылы әкімдік спорт кешенін жаңғырту үшін словакиялық СolosseoEAS компаниясымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы шартқа қол қояды. Шартқа сәйкес, алдымен апаттық құрылымдарды бөлшектеу, содан кейін нысанды жаңарту жоспарланды. Жұмыс 2022 жылдың басында басталып, 2024-ке қарай бітуі керек болған еді.


Informburo.kz сайтының дерегінше, СolosseoEAS компаниясы жобалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманы кеш алады. Әкімдік өкілінің мәлімдеуінше, оған компания қызметкерлерінің құжаттарды реттеуді кешіктіргені негіз болған. Соның есебінен жобаны іске асыру құны 16,8 млрд теңгеден 24,8 млрд теңгеге, яғни 8 миллиардқа өзгереді. Словак компаниясы бұл сомманы қазақстандық банктен кредитке алмақ болған. Бірақ, қорытындының кешігуі себебінен банктан кредит алу мүмкіндігі жүзеге аспаған.


Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өткен жылдың қыркүйек айында спорт сарайын жөндеу жұмыстарының жүрмеу себебін түсіндіріп, спорт нысанының қашан ашылатынын айтты.  


“Спорт кешені апаттық жағдайда болған соң екі жыл бұрын нысанды жаңғырту жұмысы басталған. Өкінішке қарай, инвестор құрылыс жұмысын толық жүргізе алмады. Жұмыс бір орында тоқтап тұрды. Дегенмен бір кездері танымал болған нысанның осындай күйде тұруына біз жол бермейміз”, – деп жазды әкім өзінің Instagram парақшасында.


Елорда әкімі спорт орталығы 2024 жылы, яғни биыл ашылатын айтқан. Десе де, биыл наурыз айында Tengrinews.kz порталының жазуынша, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт кешенін жаңғырту аяқталатынын, бірақ бюджеттік-инвестициялық жобалар аясында іске асатынын мәлімдеген. Барлық жөндеу жұмыстары 2026-2027 жылдары аяқталады деп болжанған. 


Cпорт сарайының құрылысына қатысты Астана әкімдігіне хат жолдады. Бірақ әзірге жауап келмеді.