26 сәу, 2022 сағат 17:02

Қазақстан шетелден келіп жұмыс істейтіндерге берілетін квотаны 16% қысқартты


Қазақстан аумағында 16 278 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органның рұқсатымен еңбек етіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 639 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 150 рұқсат (екінші санат). 

Тартылған жұмыс күші негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 8 115 және 825 адам. 

Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 197 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 352 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 683 жұмыс беруші бар. 

Онда 429 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ын құрайды.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 685 адам, Түркия – 1 977 адам, Үндістан – 1 268 адам, Өзбекстан – 1 195 адам, Сербия – 1 109 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді және бөледі.

Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау үшін министрлік шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352-ден 23 560-қа дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.