23 там, 2018 сағат 08:57

Ерлан Қарин Азия ойындарының трансляциясына қатысты түсінік берді

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин Индонезияда өтіп жатқан Азиада ойындарының «Qazsport» телеарнасынан көрсетілмеуіне байланысты түсінік берді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Qazsport» телеарнасы, жалпы «Қазақстан» корпорациясы мүмкіндігінше бірқатар ауқымды спорттық шараларды көрсету құқығын алуға барынша атсалысып келеді. Қазіргі кезде Индонезияда өтіп жатқан Азиада ойындарын көрсету жоспарымызда болған, тіпті қажетті қаражат та бюджетімізден қарастырылып қойған еді. Бірақ, осы жолы Азиаданың лицензиялық құқығын сатып алу әлдеқайда жоғары болғандықтан, трансляциялаудан бас тартуға мәжбүр болдық», - дейді ол.

Басқарма төрағасының айтуынша, телеарна менеджерлері Азиада ойындарының құқығын сатып алу жөнінде 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап осы кезге дейін келіссөздер жүргізген. Алайда, жоғарыда айтқандай, осы жылғы Азиада ойынының лицензиясы Жазғы Олимпиада ойындары мен тағы да басқа әлемдік деңгейдегі спорттық шаралардың бағасына қарағанда бірнеше есе жоғары болған.

«Біз өз тарапымыздан Халықаралық спорттық ұйымдарды бұл жайында ескерттік. Бірақ, Азиада ойындарының құқығы xалықаралық жекеменшік компанияда болғандықтан, Халықаралық Олимпиада комитеті де, Азиалық кеңес те араласуға  құқығы жоқ. Азиада ойындарының  көрсетілімінен тек біз ғана емес, кейбір көрші мемлекеттердің де ұлттық телеарналары бас тартуға мәжбүр болды. Және де лицензия бағасы, әр елдің экономикасы мен теленарықтың даму деңгейіне байланысты әр түрлі. Сондықтан, біз өз тарапымыздан барлық қазақстандықтар мен телекөрермендерімізден  осы жағдай үшін кешірім сұраймыз», - дейді Ерлан Қарин мырза.

Дегенмен «Қазақстан» РТРК» спорт аламанынан арнайы хабарлар дайындап, жанкүйерлер үшін маңызды ақпараттар таратуға атсалысатынын айтады.

«Мүмкіндігімізше Азиада ойындарының жаңалықтарын тарату үшін «Qazsport» телеарнасынан арнайы түсірілім тобы Джакартаға жіберген болатынбыз. «Qazsport» және «Qazaqstan» телеарналарында арнайы жаңалықтар кеңінен берілуде. Сонымен қатар, «Qazsport» телеарнасында эксклюзивті материалдармен Азиада күнделіктері шығып жатыр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы  әрі қарай маңызды спорттық көрсетілімдермен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады», - дейді Басқарма төрағасы.