Қазақстан үш алтын, бес күміс, тоғыз қола медаль жеңіп алды. Жалпы командалық есепте 22-ші орын иелендік. Медаль саны жөнінен рекорд орнаттық. Бұған дейін Атлантада 11, Сиднейде 7, Афиныда 8, Пекинде 13, Лондонда 13 медаль еншілеген болатынбыз. Бұл жолы қоржынға 17 жүлде түсті.
Олимпиаданың соңғы күнінде екі боксшысы алтын медаль алған Өзбекстан жалпы командалық есепте бізді басып озып, 21-ші орынға тұрақтады. Ала тақиялы ағайындарымыз 4 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль жеңіп алған.
Қазақстаннан Нижат Рахымов, Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин алтын алса, Жазира Жаппарқұл, Елдос Сметов, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Гюзель Манюрова күміс медальға қол жеткізді. Қола жүлде алғандардың қатарында Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ольга Рыпакова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, Иван Дычко, Дариға Шәкімова бар.
Айта кетейік, осы жылғы Олимпиада ойындарына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысты.
Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады.
Соңғы екі Олимпиада ойындарында Қытайға есе жіберген АҚШ бұл жолы қайтадан бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға Ұлыбритания спортшылары ие болды. Үздік үштікті Қытай қорытындылады.
Жалпы командалық есеп
1). АҚШ – 121 (46 алтын, 37 күміс, 38 қола)
2). Ұлыбритания – 67 (27 алтын, 23 күміс, 17 қола)
3). Қытай – 70 (26 алтын, 18 күміс, 26 қола).
Бек Төлеуов