Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасының негізгі мақсаты – соғыс жағдайы саласындағы заңнаманы жетілдіру. Бұл елімізде қауіпсіздікке төнетін қатерге ден қою үшін мемлекеттің қорғаныс әлеуетін қолдау қажеттігінен туындап отыр.
Заң жобасымен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және «Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы», «Соғыс жағдайы туралы», «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Білім туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдарына түзетулер енгізіледі.
«Оның мақсаты – мемлекеттің соғыс жағдайы кезеңінде жұмыс істеуі, сонымен қатар бейбіт уақытта оған дайындалу мәселесін құқықтық реттеу. Әсіресе, «Соғыс жағдайы туралы» Заңда Президент өкілеттігін толықтыру ұсынылып отыр. Ол бейбіт уақытта іске асырылады. Бұл соғыс жағдайы саласын қолдану тәртібін айқындау, Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшылығы Ставкасы туралы, Қорғаныс кеңестері туралы, соғыс жағдайы кезеңінде Үкімет қызметін ұйымдастыру туралы ережені бекіту болып отыр», - деді ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов.
Одан басқа Үкімет қызметі мынадай өкілеттікпен толықтырылады: бейбіт уақытта соғыс жағдайы кезеңіндегі министрліктер туралы ережені бекіту, соғыс жағдайы кезеңінде мемлекеттік органды соғыс уақытындағы штатқа көшіруді ұйымдастыру, жергілікті атқарушы органға азаматтық және аумақтық қорғаныс саласын қамтамасыз ету міндетін белгілеу.
«Сонымен қатар, соғыс жағдайы кезеңінде жергілікті атқарушы органның өкілеттігін көздеу, оларға «облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың қорғаныс кеңесін» құруға өкілеттік беру ұсынылады. Бұл ретте қорғаныс кеңестері әскери басқару органы ретінде соғыс жағдайы саласының орындалуын қамтамасыз етеді. Олар тек соғыс жағдайы кезеңіне құрылады. Сондықтан Қарулы Күштер құрылымына кірмейді», - деп нақтылады ведомство өкілі.
Мұнымен қоса, «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» Заңға қорғанысты жоспарлау бойынша бірқатар түзету енгізу ұсынылды. Олар жүйелі түрде, яғни барлық басқару вертикалы бойынша қаралды. Әрбір деңгейге тиісті өкілеттік пен функция енгізіледі. Біріншіден, Президент өкілеттігін қорғанысты жоспарлау қағидасын бекітумен толықтыру ұсынылады. Онда жоспардың құжаттар жинағы, мемлекеттік органның құжатты әзірлеу құзыреті көзделген.
«Әскери қызмет туралы» Заңға запастағы сержантты даярлау бойынша бірнеше түзету енгізіледі. Әскери резервті толықтыру мақсатында әскери кафедрада ақылы негізде запастағы сержантты даярлау ұсынылады. «Білім туралы» Заңға жоғары білім беру ұйымына осы бағдарлама бойынша ақылы негізде запастағы сержантты даярлау өкілеттігін беру арқылы толықтыру ұсынылды», - деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.