Ертең елордадағы Оқушылар сарайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жаңажылдық шырша өтеді. Бұл жайында Астана қалалық білім басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Іс-шараға 200 бала қатысады. Оның ішінде: 26 - жетім, 43 - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 5 - ерекше қабілеттері бар балалар, 126-ы аз қамтылған отбасынан шыққан балалар. Мерекелік бағдарлама аясында балаларды ертегі әлеміндегі кейіпкерлердің қатысуымен шоу-қойылымдар, жаңажылдық және Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың видеоқұттықтауы күтетін болады», - делінген басқарма ақпаратында.
Ал 23 желтоқсанда аталған Оқушылар сарайында Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің атынан Жаңа жылдық шырша ұйымдастырылады.
Оған 300 бала қатысады. Мерекелік бағдарлама аясында балаларды ертегі әлеміндегі кейіпкерлердің қатысуымен шоу-қойылымдар, жаңажылдық сыйлықтар күтеді. Балаларға «ЭКСПО-2017» көрмесі аумағында орналасқан «Нұр Әлем» сферасына экскурсия және естелік фотоға түсу шаралары жоспарланған.