Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың басшыларына өңірлерді дамытудың өзекті мәселелерін жедел шешу жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді.
– Ел экономикасын дамытудың негізгі міндеті – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және ішкі тұрақтылықты сақтау. Сондықтан бәріміз мемлекет мүддесі жолында еңбек етуге тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті биылғы жыл қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болатынын атап өтті. Оның пікірінше, мерейтойларға арналған іс-шараның барлығы іскерлік және атаулы сипат алуы тиіс.
– Бұл әдеттегі аста-төк мерекенің бірі емес, қайта идеологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қазақстандықтарды біріктіруге бағытталған прагматикалық шаралар кешені болуы керек. Президент Әкімшілігі өңірлерге шаралардың идеологиялық мақсат-міндетіне қатысты нақты нұсқау береді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылын сапалы өткізудің маңыздылығына назар аударып, әкімдерге мұның министрліктің немесе Үкімет деңгейінде өткізілетін кезекті бір акция емес, еліміздің бүкіл аймақтарындағы азаматтардың басым бөлігін қамтитын жүйелі жұмыс екенін ескертті. Бұл істе атқарушы органдар шешуші рөл атқаруы тиіс.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әкімдерге тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер мен талап-тілектер бойынша атқарылатын жұмысты күшейтуді, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті беру кезінде мақсатты топтарға тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді тапсырды. Президент халық жиі тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуді талап етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау және оқыс оқиғалардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырып, төтенше жағдайлардан сақтанудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында өңірлерді дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу әкімдерге жүктелген маңызды міндет екенін айтты.
Кеңестен кейін Мемлекет басшысы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың бірқатар әкімдерімен жекелей кездесті.