01 қар, 2016 сағат 22:59

Қазақстан Парламенті 2017 жылы 33 заң жобасын қарайды

ҚР Үкіметінің 2017 жылға арналған заң жобалары жұмыстарының жоспары қалыптастырылды, келесі жылы Парламент 33 заң жобасын қарайды. Бұл жөнінде ҚР әділет министрі Марат Бекетаев ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды strategy2050.kz.

"Әділет министрлігі "Нормативтік актілер туралы" Заңның және Үкімет Регламентінің талаптарына сәйкес, Үкіметтің 2017 жылға арналған заң жобалары жұмыстарының жоспарын құрды. Жоспар жобасында 33 заң жобасын әзірлеу және Парламентке енгізу көзделеді", - деп мәлімдеді министр.

Бірінші тоқсанда - 10, екінші тоқсанда - 9, үшінші тоқсанда - 10 және төртінші тоқсанда 4 заң жобасын Үкіметке енгізу көзделген.

"Заң жобаларын Парламентке екінші тоқсаннан бастап енгізу жоспарланып отыр. 2017 жылдың бірінші жартысында Мәжіліске 15 заң жобасы енгізіледі, қалған 18 заң жобасы сәйкесінше үшінші және төртінші тоқсандарда енгізілмек. Жоспар жобасын дайындау кезінде Мемлекет басшысының тапсырмалары, Үкіметтің нұсқаулықтары және Заң шығармашылығы жұмысының 2016-2021 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарының ережелері ескерілген. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін 12 заң жобасын әзірлеу көзделген, ал Үкімет басшылығының тапсырмалары негізінде 4 заң жобасы әзірленеді», - деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамалық актілерге де өзгерістер енгізу болжануда. Бұл агроөнеркәсіп кешені, ақпарат және коммуникациялар, әкімшілік құқық бұзушылықтар және басқа салалар.

Жалпы, алдағы жылда мемлекеттік органдар 23 саладағы заңнаманы жетілдіруді жоспарлауда.